You are currently viewing 1 ҚЫРКҮЙЕК – БІЛІМ КҮНІ

1 ҚЫРКҮЙЕК – БІЛІМ КҮНІ

2018 жылдың 1 қыркүйек күні Семей көп салалы колледжінде Білім күніне арналған салтанатты жиын болып өтті.
Бұл күндері кең байтақ Қазақ елінің барша мектептері мен орта білім беретін оқу орындарында Білім күні кеңінен аталып өтуде. Осынау айтулы мерекенің басты кейіпкерлері – бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер мен орта білім беретін  оқу орындарының табалдырығын аттап отырған 1 курс студенттері.
Бүгінгі жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күні барша халықтың дәстүрлі мерекесі! Әр адамның жүрегіне ерекше әсер қалдыратын бұл күн жастардың басын біріктірері де сөзсіз. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталары анық. Жаһандану үдерісінде бәсекеге қабілетті, білімді де білікті,  кәсіби шеберлігі жоғары, ойы ұшқыр, өзіндік ғылыми көзқарасы мен пайым-талағамы биік мамандар даярлап, оларға жақсы тәрбие беру колледж ұжымы мен ондағы оқытушылардың  басты мақсаты. Ал ел Тәуелсіздігінің тұғырлы болып, қазақ елінің өркендеуі  білімді жастардың, білікті де білгір мамандарының қолында.
Мерекелік шара мемлекеттік Әнұранмен басталды. Салтанатты шараны Семей көп салалы колледжінің директоры Қабылғазинова Әлия Қабылғазықызы өзінің құттықтау сөзімен ашып, колледж ұстаздары мен студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен арнайы құттықтады. Білім ордасының басшысы Әлия Қабылғазықызы атаулы мерекемен құттықтай келе ұжымға үлкен жетістіктер мен  шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, студенттердің ата-аналарына да ыстық лебізін жеткізіп, балаларының дұрыс таңдау жасағандары үшін өз ризашылығын білдірді. Білім ордасының басшысы сөз  соңында студенттердің сапалы білім алулары үшін колледж    әкімшілігі тарапынан  барлық қажетті жағдайлар жасалатынын да баса айтып өтті.